«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада «Қазақстанның үздік тауары - 2018» облыстық көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды

2018 жылғы 04 Тамыз
- Қызылорда облысы
8957 просмотров

Бүгін Қызылордада облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен «Қазақстанның үздік тауары - 2018» облыстық көрме-байқауы өтті.

         Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев қатысып, көрме жұмысын көрді, жергілікті тауарөндірушілердің өнімдерімен танысты.

         Биыл облыстық көрме-байқауға 34 кәсіпкер қатысуға ниет білдірді. Айта кету керек, 2016 жылы қатысушылар саны 17,  2017 жылы 22 болған. Көрсеткіш көрсеткендей, жыл өткен сайын аймақ кәсіпкерлері көрме-байқауға белсенді қатысуда.

         Мұнан өзге, шара аясында облыстың өзге де тауарөндірушілері халыққа өз өнімдерін ұсынды. Байқаудан өңірдің әр аудан, ауылынан келіп,  көрмеге қатысушы тауарөндірушілер саны – 35. Көңіл қуантарлық жайт, бұл кәсіпкерлердің арасында өткен жылы ғана «Бастау» жобасына қатысып, білімін жетілдіріп, кәсібін ашқан жандар бар. Бүгін міне, алған білімінен нәтиже көрсетіп, өнімдерін халыққа ұсынуда.

         «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын ұйымдастыруда биылғы жылы айтарлықтай өзгерістер бар. Мәселен, биылғы жылдан бастап шараны өткізуді облыс әкімдігі қаржыландыруда.

         Мұнан өзге, жеңімпаздарды дәрежесіне қарай бөлу (І, ІІ, ІІІ орын деп) де алынып тасталды. Көрме-байқауды 2015 жылдан бастап ұйымдастырып келе жатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл қадамды:

«Жеңімпаз болған тауарлар түрлі тауар тобына жатады, олардың тұтынушылық құрамы екі жағдайда да жоғары деңгейде. Үш аталымда теңдей үш жеңімпаз анықталады», - деп түсіндіреді.

Сонымен, үш аталым (номинация) бойынша өткен «Қазақстанның үздік тауары - 2018» облыстық көрме-байқауында төмендегі аталымдар бойынша жеңімпаз атанған кәсіпкерлерді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев марапаттады:

         «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша:

         «Қазақстанның Мұнай Химиялық «Кемикал» компаниясы» ЖШС – 2009 жылы құрылған. Компания Қызылорда облысы, Шиелі ауданында жұмыс жасайды. Өндіретін өнімі: өнеркәсіптік труба. Қуаттылығы: жылына 8 қума метр (8 погонных метров в год). Жұмыс орны: 104 адам. Тауарды тарату аумағы: Қызылорда облысы.

         «Асем тас» ЖШС – 2015 жылы құрылған. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында жұмыс жасайды. Кәсіпкер бетон өнімдері мен тротуарға арналған брусчатканың түр-түрін өндіреді. Бүгінде лего кірпіштерін де жасауда. Қуаттылығы: 4500 шаршы метр. 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарды тарату аумағы: Қазақстан Республикасы.

         «Жанзере» ЖШС – 2010 жылы құрылған. Қызылорда облысы, Қызылорда қаласында жұмыс жасайды. Өндіретін өнімі: арнаулы жұмыс киімі (спецодежда). Қуаттылығы: айына 50-ден астам киім түрін тігеді (более 50 наименований в месяц). 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарды тарату аумағы: Қазақстан және ТМД елдері.

         «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша:

         «DALATEX» ЖШС – 2016 жылы құрылған. Қызылорда қаласында орналасқан. Ерлер жейдесін өндіреді. Қуаттылығы: айына 11 мың дана ерлер жейдесін тігеді. 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарды тарату аумағы: Қазақстан және Ресей. 

         Жеке кәсіпкер «Нариман» - 2016 жылы құрылған. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бестам ауылдық округінде орналасқан. Музыкалық құралдар әзірлейді. Қуаттылығы: айына 20 музыкалық құрал-жабдық әзірлейді. 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарды тарату аумағы: Қазақстан.

         «Сұлтан Сүйрік» ЖШС – 2004 жылы құрылған. Қызылорда қаласында орналасқан. Текстиль өнімдерін өндіреді. Қуаттылығы: жылына 10 мыңнан астам тұтынушыға қызмет көрсетеді. 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарды тарату аумағы: Қазақстан.

         «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша:

         «Аралтұз» АҚ – 1997 жылы құрылған. Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жақсықылыш кентінде орналасқан. Тұз өнімдерін өндіреді. Қуаттылығы: жылына 500 мың тоннадан астам тұз өндіреді. 1213 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарды тарату аумағы: Қазақстан мен ТМД елдері.

         «СПК ҚЫЗЫЛОРДА БАЛЫҚ» ЖШС – 2012 жылы құрылған. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде орналасқан. Балық өнімдерін шығарады. Қуаттылығы: жылына 1260 тонна балық өнімдерін өндіріп, шығарады. 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарды тарату аумағы: Қазақстан, ТМД елдері мен Батыс Еуропа елдері.

         «AB INVEST GROUP» ЖШС – 2015 жылы құрылған. Қызылорда қаласында орналасқан. Сафлор майын өндіреді. Қуаттылығы: 6 айда 25 тонна май өндіреді. 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарды тарату аумағы: Қазақстан және Қытай.

          Шара соңында, «Қазақстанның үздік таураы - 2018» облыстық көрме-байқауына өнімдерін әкеліп, белсенді қатысқан кәсіпкерлерді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов алғыс хаттармен марапаттады.

Облыстық көрме-байқау жеңімпаздары осы жылдың қазан айында Астана қаласында өтетін республикалық көрме-байқауға қатысады. Биыл республикалық байқау жеңімпаздарын анықтау құралдарының бірі ретінде онлайн-дауыс беру жүйесі енгізілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер