Жаңа ҰДАҮ мен ағаш егу: Атамекен мен Экологияминінің ұстанымдары
Бүгін Астанада «Атамекен» ҰКП алаңында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің қатысуымен тұрақты даму және ESG Кеңесінің климатты реттеу мәселелері бойынша кезекті отырысы өтті.
Жиынға қатысушылар климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға Қазақстан Республикасының жаңартылған ұлттық үлесі (ҰДАҮ) туралы мәселесін, сондай-ақ, климаттық компенсация жобаларын дамыту үшін парниктік газдардың шығарындылары мен сіңірілуін реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру жайын талқылады.
Тұрақты даму және ESG Кеңесінің төрағасы Юлия Якупбаева 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы Кеңес отырыстарының жоспарымен таныстырды. Осылайша, 3 ай ішінде Кеңес алаңында келесі мәселелер бойынша талқылаулар өтеді:
- тұрақты қаржыны дамыту,
- Қазақстанда ХҚЕС жаңа бөлімдерін енгізу (SI Тұрақты даму және S2 Климатты ашу)
- ESG күн тәртібіндегі неміс компанияларының тәжірибесі (Германия Елшілігінің қолдауымен онлайн конференция).
«Көміртектің бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын және жаңартылған ҰДАҮ-ныіске асыру бойынша Жол картасын сапалы әзірлеу үшін ESG салалық реттеу тәсілдерін ұсыну қажет. Сондай-ақ, тұрақты даму бойынша елдің міндеттемелерінің өсіп келе жатқан көлемін ескере отырып, компанияларды ESG күн тәртібін іске асыру үшін ынталандыру маңызды», - деп атап өтті Юлия Якупбаева.
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев ҰДАҮ-ны дамыту туралы баяндамасында 2025 жылы жаңартылған ұлттық жарналар БҰҰ Хатшылығына ұсынылуы тиіс екенін айтты.
«Жаңартылған ҰДАҮ парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша мақсаттарды анықтауды, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, көлік сияқты реттелмейтін секторларды қамту үшін сектораралық тәсілді біріктіруді көздейді. Басты мақсат – қолданыстағы халықаралық қаржыландыру құралдары арқылы инвестиция тарту мүмкіндігі үшін ҰДАҮ-ны инвестициялық жоспарға айналдыру», - деді вице-министр.
2060 жылға қарай Париж келісімі бойынша шығарындыларды 15%-ға қысқарту және көміртегі бейтараптығы бойынша Қазақстанның міндеттемелеріне қол жеткізу заңнамалық деңгейде қабылдануы тиіс инвестицияларды тарту мәселесін шешудің жүйелі тәсілдерін әзірлеуді талап етеді.
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов Ұлттық палатаның еліміздің Париж келісімі бойынша міндеттемелерін орындау бойынша бастамаларды жүзеге асыруға кіріскенін атап өтіп, заңнамалық базаны халықаралық тәжірибеге сәйкестендірудің маңыздылығын атап өтті.
«Алматы облысындағы пилоттық жобаны іске қосу нәтижелері бойынша Қазақстанның ұлттық заңнамасы ұқсас жобаларды одан әрі дамыту және масштабтау үшін өзгерістер енгізуді талап ететіні белгілі болды. Заңнамалық базаны халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру қажет.
Бұл Қазақстан үшін орман өсіру секторында ғана емес, сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, энергетика мен өнеркәсіп салаларын жаңғыртуға офсеттік жобаларды дамытуға жеке және халықаралық компаниялардан инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашады», — деді Райымбек Баталов.
Жиын соңында ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Экологиялық кодекске және өзге де нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс тобын құрып, 10 күн ішінде нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Аталмыш ұсыныстар одан соң Мәжіліске жіберілетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: