«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматыда Мәжіліс депутаты мен бизнес өкілдері салық заңнамасының жаңа нормаларын талқылады

2025 жылғы 07 Қаңтар
- Алматы қаласы
885 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

6 қаңтарда Алматыда «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті.

Іс-шара барысында кәсіпкерлер арасында айтарлықтай алаңдаушылық тудырған жаңа Салық кодексінде ұсынылған өзгерістер талқыланды.

«Кәсіпкерлер арасындағы ең өзекті мәселелерді барынша қамту үшін біз кездесуге өңірлік палата жанынан жұмыс істейтін барлық салалық кеңестердің өкілдерін шақырдық. Бұл белсенді азаматтық ұстанымы бар, қаланың барлық бизнес-қоғамдастығының тағдырына бей - жай қарамайтын кәсіпкерлер», - деп атап өтті Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП директорының м.а. Жанна Мырзақұлова.

Депутатқа көптеген сұрақтар қойылды. Олардың көпшілігі өнертабыстар, фармацевтика, жеке медицина және білім беру, өндіріс және т. б. салаларда салық салуға қатысты болды.

«Біздің азаматтар шет елде емес, қажетті ем-домның барлық түрлерін өз елімізде алса екен дейміз. Себебі, күрделі ота мен емді Израиль, Германия, Түркия, Корея сынды елдерде алуға тырысады. Бұл көптеген капиталдың сыртқа кетуі. Біз еліміздегі медицина саласы басқа елден кем болмауына тырысамыз, техникалық және методикалық жаңашылдықтарды енгізуге, мамандарды үздік клиникаларда дәріс алуға жіберуге барымызды саламыз. Бұндай шығындардың бірнеше жылдан соң ғана өтеледі.  10 пайыздық салықты енгізу дамудың жолын бөгейді. Тіпті, кейбір кәсіпорындарды банкроттыққа апаруы әбден мүмкін. Менің ойымша салық мөлшерін төмендету керек», - дейді «Олимп» КДЛ ЖШС директоры Арнат Алжанов.

Қарақат Әбден барлық айтылған мәселелер мұқият қаралып, олар бойынша Парламентте одан әрі зерделеу және талқылау үшін депутаттық сауалдар дайындалатынына уәде берді. Ол бизнес-қоғамдастықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екенін және бұл мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін заң шығарушы органдар деңгейінде қозғауға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, депутат бизнес өкілдерінен кездесетін мәселелердің мәнін егжей-тегжейлі баяндауды, сондай-ақ оларды шешудің ықтимал жолдары бойынша ұсыныстар беруді сұрады. Бұл материалдар негізделген ұсыныстарды дайындау және оларды әрі қарай Парламентте қарау кезінде пайдаланылатын болады.

Қарақат Әбден сондай-ақ бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуға қызығушылық танытқан Алматы кәсіпкерлерінің жоғары белсенділігін атап өтті. Ол өңірлік кәсіпкерлер палатасымен тиімді өзара іс-қимыл жағдайды тереңірек талдауға және практикалық шешімдерді әзірлеуге ықпал ететінін атап өтті. Осылайша, кездесу депутаттардың бизнес-қоғамдастықпен белсенді диалогқа дайындығын және жаңа заңнаманы қалыптастыру кезінде кәсіпкерлердің пікірін ескеру ниетін көрсетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер