«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде банктер өкілдерін су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау шараларын түсіндіруге атсалысуға шақырды

2024 жылғы 17 Сәуір
- Ақтөбе облысы
7798 просмотров

Мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өңірдің барлық эвакуациялық пунктте өтеді. Бұл туралы облыстық мәслихат төрайымы Гүлкасима Сүйентаева мен кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың екінші деңгейлі банктер және микрокредиттік ұйымдардың басшыларымен кездесуі барысында келісті.

Екінші деңгейлі банктер су тасқынынан зардап шеккендерге 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін беретін болды. Зардап шеккендердің тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратыны нақтыланады. Сонымен қатар, банктер басқа да қолдау шараларын ұсынады. Мәселен, 1 сәуірден 30 маусымға дейін қаржылай жағдайы су тасқыны салдарынан нашарлаған жеке тұлғаларға төлемдерді кешіктіргені үшін өсімпұл мен айыппұл есептелмейді, сондай-ақ су тасқынынан туындаған олардың қызметінің бұзылуына байланысты жеке кәсіпкерлер мен ШОБ субъектілеріне несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

 «Зардап шеккендерге уақтылы және жедел қолдау шараларын көрсету бойынша мониторинг жүргізу мақсатында облыстық қоғамдық штаб құрылды. Штаб құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері, «Аманат» партиясы, кәсіпкерлер палатасы және басқа мекемелердің өкілдері кірді. Осыған байланысты банкке тиісті өтініштер беру, растайтын құжаттарды ұсыну сияқты қажеттілікті қоса алғанда, кейінге қалдырудың нақты механизмдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін банк қызметкерлерін бөліп беру және штаб мүшелерімен бірлесіп түсіндіру жүргізу бйоынша өтінішіміз бар», - деді Гүлкасима Сүйентаева.

 Еске салсақ, жергілікті сипаттағы ТЖ режимі облыс орталығы және алты ауданда жарияланды. Барлығы мыңнан астам тұрғын үй су астында қалып, 11 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Қала бойынша 7 эвакуациялық пункт жұмыс істейді, онда су тасқынынан зардап шеккен 900-ге жуық адам орналастырылған.

Өңірлік «Атамекеннің» қызметкерлері де шетте қалмады. Палата қызметкерлері қатарынан штаб құрылды. Су тасқынынан зардап шеккендердің қажеттіліктері үшін тауарларды (шаруашылық тауарлары, гигиеналық құралдар) және ақшалай қаражаттарды қабылдау ұйымдастырылды. Залалды өтеу мәселелерін пысықтау, сондай-ақ зардап шеккен бизнес субъектілеріне шығындарды өтеу алгоритмдерін әзірлеу бойынша жобалық кеңсенің жұмысына белсенді қатысады. ӨКП өкілдері залалды бағалау жөніндегі комиссиялардың құрамына кіреді.

 «Қазіргі кезде 150-ден астам шағын бизнес субъектіден зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізілімі қалыптастырылды. Бағалау сараптамаларын жүргізбей залалдың алдын ала сомасы 1,9 млрд теңгені құрап отыр. Бизнестің бүлінген мүлік түріндегі тікелей залалынан басқа, кәсіпкерлер өз тапсырыс берушілерімен келісімшарттық міндеттемелерді орындамау тәуекелдеріне, сондай-ақ қаржы институттары алдындағы несиелік міндеттемелерді уақтылы төлеу мүмкін еместігіне байланысты проблемаларға тап болды. Контрагенттер, Палата қызметкерлерімен шарттық міндеттемелерді орындамау бөлігінде форс-мажорлық жағдайдың басталғаны туралы куәлік алу үшін құжаттарды дайындау бойынша консультациялық-құқықтық жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұндай куәлікті шағын бизнес үшін Қазақстанның сыртқы сауда палатасы өтеусіз негізде береді», - деп атап өтті Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер