«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада 99 балабақшаның мәселесі шешілді

2023 жылғы 13 Сәуір
- Қызылорда облысы
8229 просмотров

Мемлекеттік тапсырысты тәулігіне 10,5 сағатқа төлеуді сұраған қызылордалық жеке балабақша иелерінің мәселесі шешілді.

Биыл ақпанда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің аймақтық филиал директоры Наталья Мишуковадан өтініш келіп түсті.

Хатта: «Қызылорда қаласында 207 жеке балабақша жұмыс істейді. Басым көпшілігінің жарғысында 5 күндік жұмыс аптасымен балалардың 10,5 сағат болуы көрсетілген. Соған қарамастан Қызылорда қаласының білім бөлімі 5 күндік жұмыс аптасымен мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеп жатқан жеке балабақшаларға 9 сағатпен келісімшарт жасады», дей келе мәселені шешуге көмек сұраған.

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері мәселені ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының Палата алаңындағы жеке қабылдауына шығарды.

«Қосымша бұл сұрақты қалалық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасына, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігіне жолдап, түсіндірме беруін сұрадық. Себебі кәсіпкерлердің көтеріп отырған мәселесі орынды. Нормативтік-құқықтық актілерде қандай да бір шектеу көрсетілмеген», – дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан.

Осыдан кейін облыстық білім басқармасының өкілдері жеке балабақша иелерімен кездесіп, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурстық комиссияға тиісті құжаттарды (күн тәртібі көрсетілген мекеме жарғысы, ұйым қызметкерлерінің үлгі штатқа сай жасақталғанын және санитарлық талаптарға сай аз мәзірі мен үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету талабының сақталғаны дәлелдейтін құжаттар) тапсыруды ұсынады.

Наурызда аталған комиссияның отырысы өтіп, өтінім берген 99 балабақшаның құжаттарының талапқа сәйкестігі қаралады. Нәтижесінде комиссия мүшелері 99 балабақшаға 10,5 сағатпен мемлекеттік тапсырыс орналастыру жөнінде қаулы шығарды.

«Кәсіпкерлердің мәселесіне дер кезінде мән беріп, шешуге мұрындық болған Кәсіпкерлер палатасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне алғысымыз шексіз» – дейді «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің аймақтық филиал директоры Наталья Мишукова.

Кәсіпкерлікке қатысты сұрағы бар азаматтар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына 8 /7242/ 40-09-81 нөмірі арқылы хабарласа алады немесе Facebook желісіндегі «Сыр өңірі мен Қызылорда қаласындағы БИЗНЕС» тобынан барлық жаңалықпен танысуына болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер