«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада балабақша иелері кезекші топқа баратын бала санын көбейтуді сұрауда

2021 жылғы 11 Ақпан
- Қызылорда облысы
7124 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында мүдделі мемлекеттік орган өкілдері, жеке кәсіпкерлер мен «КАНО» заңды тұлғалар бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиал мүшелерінің қатысуымен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру мәселелеріне арналған отырыс өткізілді.

Шара Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің Адами капиталды дамыту комитеті жұмысы аясында ұйымдастырылды.

Отырыста облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова шектеу шаралары кезеңінде балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты орналастырудың көлемі мен мөлшеріне қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

«Биылғы жылы білім басқармасы бойынша вертикальды басқару жүзеге асырылуда. Аталмыш жүйе аясында аймақтағы ауылдық елді мекен, кент, яғни аудандар мен қаладағы балабақшалардың қаржыландырылуы облыстық білім басқармасында. Облыс бойынша 667 балабақша бар. оның 415 жеке, 162 мемлекеттік балабақша, 90-ы шағын орталықтар. Аталмыш ұйымдардың қаржылары өткен жылы арнайы әдістеме бойынша есептелді. Биылғы жылы осы әдістемеге орай біршама өзгерістер бар. Жан басына қаржыландыру қазіргі таңда көтерілді. Әдістеме бойынша қаржыландыру бекітілді. Сол бойынша төленеді», - деді кездесуде облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Айта кету керек, әдістеме бойынша өткен жылы балабақшаларға бір балаға субсидия орта есеппен 33 мың теңгеден астам болса, биыл қаладағы балабақшалар үшін 43 мың теңге, аудандағы балабақшалар үшін 46 мың теңгеге дейін өсті.

«Дегенмен, мәселе де бар. Карантинге орай балабақшалардың толық қуаттылықта жұмыс жасай алмауына байланысты. Бүгінгі отырыста осы мәселені Сіздермен бірге шешіп алу үшін келіп отырмыз», - деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Бұдан әрі сала басшысы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидасына 2020 жылдың 28 қазанында өзгерістер енгізілгендігін атап өтті.

Өзгеріс енгізілген бұйрықта былай жазылған: «Тиісті мемлекеттік органдардың шектеу шаралары, оның ішінде карантин салдарынан балалар мектепке дейінгі ұйымға бармайтын әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қолданылған кезеңде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша айқындалатын көлемде және мөлшерде қаржыландырылады».

Осы жайтта ортаға сала келе, Ақзира Қасымова облыс әкімдігі тарапынан шектеу шараларына сәйкес балабақшаға бармаған балаларға төленетін мемлекеттік тапсырыс көлемі мен мөлшерін нақтылау жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.

Кездесуде балабақша иелері мемлекеттік қолдауға алғыстарын білдіре отырып, проблемаларды да ортаға салды. Мәселен, құрылтайшылар карантин жағдайына қарамастан, кезекші топтар жұмыс жасап отырса да қызметкерлерді толықтай жұмыспен қамтып отырғандықтарын, сондай-ақ персоналдың жалақылары толық көлемде сақталғандығын ортаға сала келе, жеке балабақшалар қолдауға мұқтаж екендігін жеткізді.

«Кәсіпкерлер палатасының алаңындағы бизнес пен биліктің ортақ мәселесінің талқыланып, шешілу жолы қарастырылып жатқанына қуаныштымын. Әрине жеке балабақшалар карантинге қарамастан көрсетіліп отырған қолдауды сезіндік. Дегенмен, Қызылорда облысының эпидемиологиялық жағдайда жасыл аймақта орналасқанын ескере келе балабақшадағы кезекші топтағы балалар санын 15-тен 20-ға жеткізулеріңізді сұраймыз. Бұл мәселе шешілген жағдайда балабақша иелері де айтарлықтай қаржылық шығынға ұшырамас еді», - деді «КАНО» заңды тұлғалар бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиал төрағайымы Наталья Мишукова.

Бұл өтінішке қатысты Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов:

«Кәсіпкерлердің бұл өтініші негізсіз емес. Себебі республикалық қаулыда жасыл аймақта орналасқан өңірлерге балабақшада кезекші топтарына 20 балаға дейін қабылдауға рұқсат берілген. Бүгінгі отырыстан кейін Сіздердің жазбаша өтініштеріңіздің негізінде Кәсіпкерлер палатасы атынан облыстық штабта бұл мәселені көтереміз. Жақында ғана мектеп асханаларында қызмет көрсететін кәсіпкерлердің мәселесі осылайша оң шешілген болатын», - деп атап өтті.

Отырыс қорытындысымен балабақша құрылтайшылары Кәсіпкерлер палатасына жазбаша өтініштерін қалдырды. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Кәсіпкерлер палатасымен бірге аталмыш мәселені облыстық штабта көтеріп, шешу жолдарын қарастыратындықтарын жеткізді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер