«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық «Абзал және К» компаниясы ТМД сыйлығына қатысуда

2019 жылғы 29 Шілде
- Қызылорда облысы
13896 просмотров

Қызылорда облысына өнім және қызмет көрсету саласындағы жетістіктерге арналған ТМД сыйлығының сарапшылары келді. Сараптау комиссиясының сарапшылары Қырғызстаннан келген Динара Аймұрзаева мен Молдовадан келген Наталья Недельчева 2 күн қатарынан сыйлыққа үміткер «Абзал және К» Толық серіктестігінің жұмысымен танысып шықты.

Атап өту керек, «Абзал және К» ТС-і 2017 жылы «Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткен ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының  иегері атанған болатын. Компания енді халықаралық сапа саласындағы байқаудың келесі кезеңіне өтінім беріп отыр.

Өнім және қызмет көрсету саласындағы жетістіктерге арналған ТМД сыйлығы сапалы өнім шығарып, қызмет көрсеткен, сондай-ақ осы саладағы қауіпсіздік саласына аса мән беретін, басқарудың жаңа, заманауи әдістерін енгізген кәсіпкерлік субъектілеріне арналған, екі жылда бір рет берілетін марапат.

Сыйлықтың мақсаты – ТМД елдері аумағында өндірілетін өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлерді ынталандыру. Сыйлыққа қатысуға өтінім берген кәсіпкерлік субъектісі шығарып отырған өнімдерінің сапасын ең кемі екі жыл дәлелдеуі тиіс және ТМД елдерінің ең азу екі еліне өнімдерін экспортқа шығарған болуы тиіс.

«Абзал және К» ТС-нің жұмысымен танысуға келген халықаралық сарапшылар компанияның негізгі қызметі – күрішті егуден бастап өңдеуіне дейінгі барлық процесімен, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Нағи Ілиясов ауылын абаттандыру аясындағы жасаған тірліктерін көріп шықты.

Сарапшылармен бірге келген «Атамекен» ҰКП-ның сарапшысы Мәдина Мұқатова: «Абзал және К» компаниясы «Алтын сапаның» жеңімпазы атана отырып, сапа саласындағы сыйлықтың екінші деңгейіне өтіп отыр. ТМД сыйлығына берілген өтініштердің барлығына сарапшылар бара бермейді. Ең алдымен компанияның жолдаған құжаттары алдын ала сараптаудан өтеді.  Құжаттар талапқа сай болған жағдайда барып сарапшылар кәсіпкерлік нысанына келіп жұмысын көреді.  Мұндай деңгейге жету екінің бірінің қолынан келе бермейді», - деді.  

Ақпарат үшін: «Абзал және К» ТС-і 1994 жылы құрылған. Қызылорда қаласы Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында күріш егіп, алынған өнімді компания зауытында өңдейді. Компанияның екі зауыты бар: Оңтүстік Корея және Германиядан әкелінген. Әр зауыттың қуаттылығы сағатына 5 тонна. Компания жылына таза ақталған 25 мың тонна күріш өндіреді. Оның 50 пайыздан астамы Россия, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия т.б. елдерге экспортқа шығарылады. Компания күріш өндірушілердің үздік үштігінің қатарында. «Абзал және К» ТС-і бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Нағи Ілиясов ауылына соңғы жылдары 1 млрд.теңгеден астам қаржы салған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер