«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Солтүстік Қазақстанда жас кәсіпкерлерге 86 грант бөлінді

2019 жылғы 20 Ақпан
- Солтүстік Қазақстан облысы
9934 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу мәселелері жөніндегі комиссия кәсіп бастағысы келетін азаматтардың 100 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алу бойынша өтінімдерін қарады. Комиссияның биылғы жылы алғашқы отырысында грант алу бойынша 86 өтінім мақұлданды

Мүкәммал, технологиялық жабдық, мал және құс түрлерін сатып алуға арналған грантты алу өтінімдері осы жолы Петропавл қаласы және 4 ауданнан келіп түсті. Айта кетелік, мемлекеттік қолдаудың аталған түрін «Бастау» жобасының түлектері және Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша оқу тәмамдаған жеке кәсіпкерлер, сонымен қатар оралмандар ала алады.

 «Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік грантты алу үшін бағдарлама қатысушысы өзінің тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына өтінім береді. Орталықта құжаттардың сәйкестігін тексереді. Осы кезеңде мемлекеттік қолдауды ала алатын азаматтар іріктеледі. Ары қарай Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы комиссия қай жоба грантқа лайық екенін анықтайды», – деп мәлімдеді комиссия төрағасының орынбасары, ӨКП Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Александр Бердниченко.

 Жергілікті комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдар, Кәсіпкерлер палатасы, Білім беру ұйымдары, БАҚ өкілдерінен құралған 7 адам кіреді. Комиссия мүшелерін – жастардың мал шаруашылығынан бастап, қызмет көрсету саласына дейін түрлі бағытты таңдағаны қуантып отыр. Биыл Қызылжар және Тимирязев аудандарынан бірінші рет ағаш жарғыш құралын сатып алуға қаражат бөлу  бойынша өтінім түскен. Жоба иелері тұрғындарға ағаш жарып беру бойынша қызмет көрсетпек.

 «Былтыр облыста 100 АЕК көлеміндегі мемлекеттік қолдауды 551 жеке кәсіпкер алды. Оның ішінде 54%-ы мал шаруашылығымен айналысып жатыр, қалғаны қызмет көрсету саласында еңбек етуде. Сұлулық салондары, шаштараздар қала да, ауылда да ашылып жатыр. Сонымен қатар түлектеріміз қосымша білім беру, жүк тасымалдау қызметі, жол бойындағы сервисті таңдап жатыр. 2019 жылға облысқа 1189 грант бөлу жоспарланған. Демек биыл кәсіп бастауға мүмкіндік екі еселенді», – деді Александр Бердниченко.

Комиссия отырысында 86 бизнес-жобаға грант бөлінді. Айта кетелік, аудандар арасында анағұрлым белсенділікті Тайынша тұрғындары көрсетті, олардан 35 өтінім түскен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер