«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Солтүстікте сауда нысандарын тексеру басталды

2018 жылғы 03 Сәуір
- Солтүстік Қазақстан облысы
9178 просмотров

Бүгіннен бастап Солтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қауіптілігі жоғары нысандарға қатысты жоспардан тыс тексеруді бастайды.

Қазіргі таңда Ресейдің Кемерево қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында болған қайғылы оқиғадан соң адам көп жиналатын орындарда өртке қарсы талаптар мен ережелерді сақтау мәселесі өзекті. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 29 наурыздағы тапсырмасы бойынша елімізде сауда орындарына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, бұл шара 30 маусымға дейін жалғасады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында бүгіннен бастап қолға алынды.

«Бүгіннен бастап облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қауіптілігі жоғары нысандарды жоспардан тыс тексеруге кірісті. Қазіргі таңда өңірдегі 30 сауда нысаны тізімге енді. Оның ішінде «Семейный», «Sity Mall» сауда-сауықтық орталығы, «Пирамида», «Корона», «Биғайша» сауда үйлері және тағы басқалары бар. Бизнеске негізсіз қысым көрсетуге жол бермес үшін және сыбайлас жемқорлық құрамын азайту мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы бұл тексеруге палатаның да, басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуына болатындығын хабарлайды», - дейді Өңірлік палата директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Оның үстіне тексеруге өзге тұлғалардың қатысқанда тексерілетін субъектінің айрықша құқығына орай кәсіпкерлер қоғамдық ұйым өкілдеріне тексеруге қатысуға жазбаша түрде рұқсат беруі керек.

«Сонымен қатар кәсіпкерлер алдын ала Төтенше жағдайлар департаментіне өз нысанында тексеру жүргізуге өтінім берулеріне болады. Бақылаудың бұл формасында қандайда бір ереже мен норма бұзылғандығы анықталса, оларға қатысты әкімшілік жаза қолданылмайды. Бірақ анықталған заң бұзушылықтарды Бас прокуратураның тапсырмасына орай жоспардан тыс тексеру жүргізгенге дейін түзеу керек», - деді Жеңіс Қазиев.

Аталғанды ескере отырып өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бизнес субъектілерінен сауда нысанына қатысты тексеру шараларының басталғаны туралы хабарлауды сұрайды: 502500 немесе 87021125500.

Солтүстік Қазақстан облысындағы тексеруге жатқызылған қауіптілігі жоғары сауда нысандарының тізімімен таныса аласыздар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер