«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қыз-келіншектерге арналған 3 күндік курс

2018 жылғы 29 Наурыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
10015 просмотров

Петропавлда жеке кәсіппен айналысуды қалаған әрі бизнесте жүрген қыз-келіншектер үшін арнайы оқу басталды

Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі жеке кәсіппен айналысатын және кәсіпкерлікке енді қадам басуды қалаған қыз-келіншектерге арнап үш күндік тренинг ұйымдастырды. Наурыздың 28-30 күндері кәсіп жолын таңдап, нақты бизнеспен айналысуға қатысты жаңа білім беріледі.

«Бұл жедел оқу курсын жаңа жетістікке жетуге қолдау білдіру үшін, жеке ісін ашуға шешім қабылдауға ықпал етуге, өз саласын дұрыс таңдауға сеп болу үшін ұйымдастырдық. Ештеңеден тайсалмай, тренерді тыңдап, барлық ақпаратты сіңіруге тырысыңыздар. Білім міндетті түрде кәдеге асады», ­- деді Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лейла Сайдашева.

Тренинг жұмысына Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев сәттілік тіледі. Астанадан келген Медер Аматов, Нұржан Қалиев сынды білікті мамандардың дәрісін тыңдаудың жақсы мүмкіндігі туғанын атап өтті. Оқу курсында сала таңдау, бәсекелік басымдықты қалыптастыру, қызмет саласы бойынша үздіксіз өсіп-жетілу, саланы талдауды үйрену, стратегиялық жоспарлау, сату, сервис, қаржылық сауаттылықты меңгереді.

Қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде дамып отыр. Тренинг тақырыбы да осыдан таңдалған.

«Әйелдер әрдайым дамытып, тәуекелге асқан жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан болар әйелдер басқарып отырған шағын және орта бизнестің дамуы қарқынды. Дегенмен білім, бизнес туралы ақпарат, қалай даму керек, табысты қалай арттыру керек деген мәселелерге біліктілік жете бермейді. Бұл жүйелі мәселе, сондықтан осы өңірге келдік. Табыс қана емес, рухани жайлылық сыйлайтын кәсіп таңдауға көмектескіміз келеді. Психологияға көп мән беремін. Кәсіпкердің психологиясын зерттейміз. Менеджмент туралы айтамыз, қызметкерді қалай басқару керектігіне де тоқталамыз», - деді бизнес-жаттықтырушы Медер Аматов.

Мұндай тренингті кәсібін енді бастағандар ғана емес, бизнеспен айналысып жүргендердің өзі құптап отыр.

Мысалы Айтықан Қалгаева 12 жылдан бері қоғамдық тағамтану саласында жұмыс істейді. Алдымен шағын асханадан бастаған ол мемлекеттің қолдауымен «Алтын Орда» мейрамханасын ашқан.

«Бизнес жүргізуде тәжірибе болса да оқып-үйрену артықтық етпейді. Мысалы бізде маман саясаты ақсап тұр, сауатты мамандар жоқ, табылған күннің өзінде жоғары жалақы талап етеді, оған мүмкіндік әрдайым бола бермейді. Тренер арнайы компаниялар жәрдем беретінін айтты, заңнамадағы өзгерістер туралы хабарлады. Танымды әрі қызықты өтті. Мұндай шараға бірінші рет қатысып отырмын», - деді Restavration ЖШС директоры Айтықан Қалгаева.

Еске салсақ, тренинг аталған мейрамханада ұйымдастырылды, әлі 2 күн болады. Кез келген қыз-келіншек қатысып, тегін дәріс тыңдауына болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер