«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Іскер әйелдердің халықаралық форумы өтті

2016 жылғы 28 Қараша
- Солтүстік Қазақстан облысы
11123 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысында шекара маңы аймақтарындағы әйелдердің халықаралық форумы өтті

Қазақстан мен Ресейдің ақылына көркі сай, табысты әйелдері «ЕАЭО аясындағы шекара маңы экономикалық ынтымақтастығының келешегі» тақырыбын талқылау үшін Петропавл қаласына жиналды.

Форумға барлығы 500-ден астам адам қатысты. Атап айтсақ, Ресей Федерациясының Қорған, Омбы, Түмен облыстары, сондай-ақ Қазақстанның Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары атынан қатысқан мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік секторлардың өкілдері мен іскерлік топтары. Шара ҚР Президенті жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 пайдалы іс» республикалық науқаны аясында өткізілді.

Болашақ туралы күні бұрын ойлану әйелге тән қасиет емес пе? Форумда да әйелдер жаңа байланыстар орнату, бұрыннан бар байланыстарды нығайту, шекара маңындағы аймақтарда туризмді дамыту, «ауылдан ауылға» сипатында шекара маңында орналасқан ауылдардың кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды кеңейту жайларын сөз етті.

Форумды аша отырып, ҚР Президенті жанына құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко Қазақстанның Тәуелсіздік алғалы бергі 25 жыл ішінде едәуір нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. «Біздің ойымызша, бүгінгі таңда әйелдер бірігіп, белсенділік танытып, әріптестіктің жаңа түрлерін ашып, келешегін жарқын етуі тиіс. Бүгінде тең құқылы, өзара тиімді және барлық қатысушылардың мүдделерін ескеретін қағидаларға құрылған ортақ нарық құрылып жатыр. Ынтымақтастықтың басты тәжірибесі – күш біріктіру ұзақ мерзімді экономикалық дивидендтер әкелетінін, халықтың әл-ауқатын көтеретінін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда әйелдер бірігіп, белсенді іс-қимыл жүргізіп, әріптестіктің жаңа бағыттарын ашуы тиіс деп санаймыз», – деді Елена Тарасенко.

Әйелдер саясатта ғана емес, бизнесте де табыстарға жетіп жатыр. Қазір жұмыс істеп тұрған 28 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің 50%-ын әйелдер басқарады. Олар 26 мыңдай жұмыс орнын құрған.

Әйелдердің табысы және ортақ жобаларды іске асыру келешегі туралы пленарлық отырыста сөз болды. Омбы облысы Экономика министрінің орынбасары Анна Негодуйко атап өткендей, қос ел өкілдерінің бір-бірінен үйренерлері көп. Мәселен, омбылық іскер әйелдердің өкілдері әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тәжірибесімен бөлісуге дайын. «Қазақстан Республикасы біздің стратегиялық әріптесіміз және Омбы облысымен тауар айналымының көлемі бойынша да басымдыққа ие. Сонымен қатар, біздің тауар айналымымыз жыл сайын 10%-ға артып келеді. Әрине, бұл тұрғыдан алғанда осындай шараларды өткізу маңызды. Сөзсіз, мұның біз үшін маңызы зор, өйткені бізде экономикалық қана емес, тарихи байланыстар да бар», – деді

Пленарлық жиыннан кейін форумға қатысушылар үш панельді отырысқа қатысты. Олар бүгінгі таңдағы ең өзекті деген тақырыптарға арналды: «Шекара маңы аймақтарында туризмді дамыту», «Шекара маңында орналасқан ауылдардағы әйелдер арасындағы «ауылдан-ауылға» форматындағы іскерлік байланыстарды кеңейту тетіктері» және «Бизнестің сұранысын тиімді қамтамасыз етудегі Қазақстан мен Ресей әйелдерінің шекара маңы аймақтарындағы өзара тиімді әріптестігі».

Сессиялардың бірінің жұмысына СҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің өкілдері қатысты. Ләйлә Сәйдешова мұндай шаралардың жаңа байланыстар орнатуға көмектесетіндігін атап өтті. «Екі жақта да қызығушылық танытушылар бар. Өзара тиімді әріптестікті дамытуда байланыс нөмірлерімен алмасып қана қоймай, ашық сұхбат құруға мүмкіндік беретін мұндай алаңдар қажет. Осындай форумдар ұзақ мерзімді әріптестіктің бастауы болып жатады. Өзім де кәсіпкермін және көршілермен белсенді жұмыс істеймін», – деді СҚО КП Іскер әйелдер кеңесі төрайымының міндетін атқарушы Ләйлә Сәйдешова.    

Облыста әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін кеңес беру, білім беру және құқықтық жағынан қолдау көрсету сияқты түрлі шаралар жүргізіліп жатыр. Егер 2010 жылы мемлекеттік қолдауға бір ғана кәсіпкер әйел ие болса, 2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мақұлданған 261 жобаның 39-ы әйелдердің қатысуымен іске асырылуда. Олар жолаушылар тасымалы, жүк тасымалы, сауда-саттық, азық-түлік өнімдерін, жиһаздар, құрылыс және пластмассалық материалдар және басқа өнімдер өндіруге қатысты. Мемлекеттік қолдау және мемлекеттік саясаттың басым бағыттары туралы СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов айтып берді. Модератор ретінде өзара тиімді әріптестік тақырыбына арналған панельді жиынды аша отырып, ол бүгінгі таңда Үкімет қолдауының және әйелдердің табысқа жетсем деген талпынысының арқасында, нәзік жандардың бүгінге дейін ерлердің ісі саналып келген салаларды дөңгелетіп отырғанын атап өтті.

Бұдан бөлек, шара барысында қонақтар «Солтүстік Қазақстанда жасалған» деген тақырыптағы көрмеге қатысты, онда 30-дай кәсіпкер өз өнімдерін ұсыныпты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер