«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс

2016 жылғы 04 Мамыр
- Солтүстік Қазақстан облысы
12208 просмотров

Іскер әйелдер кеңесі мүмкіндігі шектеулі балақайларға көмекке келді

Жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты, СҚО Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесінің бастамасына облыс әкімдігі қолдау танытты

Бүгін Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педогогикалық түзету кабинеті есігін айқара ашты.

Айта кетерлігі, облыс орталығында осындай кабинет ашу қажеттігі туралы мәселені Антонина Марциновна көптен бері көтеріп келе жатқан еді. Алғаш рет мұндай ойды Дариға Назарбаеваның қатысуымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Астанада өткен қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың, ҚХА-ның «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы қатысушыларының республикалық съезінде айтты. Екінші мәрте бұл мәселені Антонина Севостьянова осы жылдың басында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің төрағалық етуімен өткен кәсіпкерлікті дамытудың 2015 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген жиында көтерді.

Міне, сол кезде бизнес-ханымның бастамасын мұқият тыңдаған өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығында мұндай орталық ашу мүмкіндіктерін қарастыруға тапсырма беріп, бұл мәселені өзінің бақылауына алған еді. Сол жиналыстан бері төрт ай өтер-өтпес уақыт ішінде облыс орталығында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Енді ерекше балалардың ата-аналары балаларына сондай орталықтар іздеп облыстан тысқары аумақтарды аралап кетпейтін болды.

«Кабинетімізде 8 маман жұмыс істейді: олар психолог, дефектолог, логопед, әлеуметтік педагог, сурдопедагог, емдік-сауықтыру педагогы, әдіскер және мен. Біз балаларды оқуға қабылдауды бастап кеттік. Сабақ аптасына 2-3 реттен өткізіледі. Балалар жеке мүмкіндіктері мен қарым-қатынас тіліне қарай топтастырылады. Бір уақытта біздің кабинет 50-дей баланы қабылдай алады. Оқыту кезеңі 3 айдан кем болмайды», – дейді Петропавл қаласындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Валентина Гирц.

Айта кетерлігі, осы кабинеттің ашылуына Антонина Севостьяновамен бірге, Райхан Әбдірахманова бастаған СҚО КП Іскер әйелдер кеңесінің өзге де мүшелері бір кісідей атсалысыпты. Бизнес-ханымдар әріптестерінің орталыққа арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға демеушілік таныту туралы өтінішін жерге қалдырмай, барынша көмек қолдарын созған. Осылайша, Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері өз қалталарынан қаражат шығарып, орталыққа «Турнигі бар швециялық қабырға» спорттық кешені мен «Паровозик» деп аталатын жұмсақ модульдердің жинағын сатып алып беріпті. Оған қоса, Кеңестің тағы бір мүшесі, «Vizavi Company» ЖШС-ның директоры Ләйлә Сайдашева кабинеттің психологын арнайы оқыту жөнінде бастама көтеріп, оның барлық шығындарын өзіне алып отыр.

«Жалпы аутизмнің пайда болуын ғана емес, бұл аурумен қалай күресуге болатынын түсіндіретін революциялық жаңалық барын нақты білемін. Осы кабинетке бекітілген психолог сондай курстардан өткенін қалаймын, сондықтан, оны оқытуға кететін барлық шығынды көтеруге дайынмын», – дейді Ләйлә Сайдашева.

Іскер әйелдер кеңесінің бұл орталыққа осыншалық назар аударуын бір реттік қайырымдылық акциясы ретінда қарастыруға болмайды. Өңірдегі бизнес-ханымдар бұл жұмысқа өзге де демеушілерді тарта отырып, түзету орталығын өз қамқорлықтарына алуға дайын. Олар Психологиялық-педагогикалық кабинеттің мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы медициналық аппаратурамен жабдықталған нағыз оңалту орталығына айналғандығын қалайды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер