«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сақтықта қорлық жоқ

2016 жылғы 03 Наурыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
13020 просмотров

Сауда үйлерінің, базарлар мен жекеменшік мекемелердің басшыларына заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді

Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде Төтенше жағдайлар мен Ішкі істер департаментінен келген өкілдер кәсіпкерлерге тексерістер мен тексерістерді ресімдеу туралы, сондай-ақ тексеріс субъектісіне қойылатын талаптар жөнінде түсіндіріп берді.

«Өздеріңіз білетіндей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңнамалық актілерге біршама өзгерістер енгізілді. Ол түсіндірулермен қатар, бизнестің қандай ережелерге сай жұмыс істеуі қажеттігін түсінуді талап етеді. Осыған байланысты Кәсіпкерлер палатасы жыл басынан бері бизнес субъектілерінің арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Қаңтар-ақпан айларында біз салық, еңбек заңнамаларының және басқа да нормативті-құқықтық актілердің мәнін түсіндіруде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырдық. Бүгін Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері көпшілік жиналған нысандарда тексерістер қалай және қашан жүргізілетінін айтып береді», – деп атап өтті, «дөңгелек үстел» жұмысын ашып берген Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев

Террористік қауіпке мығым нысандарды ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі № 191 қаулысына сай қалай жасақтау керектігін кәспкерлерге СҚО ІІД экстремизмге қарсы күрес бөлімінің аса маңызды істер бойынша аға сенімді өкілі Спартак Қабденов айтты.

Ол ҚР «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңының 10-3 бабына сәйкес, террористік қауіпке қарсы мығымдылығы осал нысандардың басшылары немесе өзге де лауазымды тұлғалар меншік түріне қарамастан, бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға міндеттелетінін атап өтті. Мәселен, адам көп жиналатын нысандарға соған сай өткізу режимі болуы тиіс, сонымен қатар нысан заманауи инженерлік-техникалық күзет құралдарымен жабдықталуы шарт.

«Сондай-ақ, басшының қолында міндетті түрде қарауындағы мекеменің терроризмге қарсы қорғанысы туралы құжат болуы тиіс. Қызметкерлерді ғимаратты тексеру, жарылғыш заттардың орналасуы мүмкін орындарды анықтау техникасына үйрететін профилактикалық және оқыту шаралары өткізілуі шарт, сонымен қатар, терроризм актісі орын алған жағдайда қауіпті жою бойынша осыған мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып атқаратын іс-қимылдарды жоспарлау және өткізу барысына қатысты іс-шаралар өткізілуі қажет. Сонымен қатар, объектінің ақпараттық желілерін қорғау мен ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету шаралары ұйымдастырылуы тиіс», – деді Спартак Қабденов.

Терроризм актісі орын алған жағдайда, сол нысанның басшысы немесе қызметкерлері тез арада ұлттық қауіпсіздік органдарын немесе ішкі істер органдарына хабардар етуі, сондай-ақ қызметкерлерді эвакуациялауды қамтамасыз етуі міндетті.

Халық көп жиналатын нысандардың басшыларын өткізілген мәліметтердің, яғни терроризмге қарсы қорғалғандығы туралы құжат пен онда көрсетілген ақпараттардың қауіпсіздігіне ІІД қаншалықты жауап бере алатындығы қызықтырды. Мұндай құжаттардың екі данасы болатындығын айта кеткеніміз жөн, біреуі – нысанның басшысында, екіншісі – Ішкі істер департаментінде. СҚО ІІД экстремизмге қарсы күрес бөлімінің аса маңызды істер бойынша аға сенімді өкілі оған еш алаңдамауларына болатындығын айтты.

Жобаланған тексерістерге келер болсақ, қазіргі уақытта Ішкі істер департаменті тек қана білім беру нысандарына тексеріс жүргізіп жатқандықтан, кәсіпкерлерге өз нысандарын талапқа сай жасақтауға мүмкіндік туып тұр.

Мәселен, терроризмге қарсы қорғалғандығы туралы құжаттың болмаса, террористік тұрғыдан осал нысандардың басшыларының немесе меншік иелерінің терроризмге қарсы қорғанысты қамтамасыз етуде өз міндеттерін орындамаса және оның қарауына берілген нысанның қауіпсіздігін қажетті деңгейде қамтамасыз етпесе, қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Мұндай жағдайда жеке немесе лауазымды тұлғаға жүз айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға екі жүз айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Заңбұзушылықтар бір жылдың ішінде қайталанар болса, оған салынатын айыппұлдың көлемі де арта түспек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер